Инженерлік желілерді ауыстыру немесе орнын ауыстыру қайта жабдықтау жұмыстарына жатады. Рұқсат беру құжаттары болмаған жағдайда, мұндай қайта жабдықтау өз бетінше жүргізілген шара болып есептеледі. Ең бастысы, бұл үйдің бүкіл жылумен жабдықтау жүйесінің жұмысының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары жылумен жабдықтау сапасына қатысты мәселелерге жиі тап болады. Оның себептерінің бірі – пәтердегі жылыту жүйесін қайта жабдықтау. Мәселен, тұрғындар жылытылатын аумақты ұлғайту мақсатында радиаторларды балконға ауыстырады, жылыту радиаторларының секциялар санын көбейтеді және басқа да өзгерістер енгізеді. Алайда жылыту аспабының орнын ауыстыру арқылы тұрғын үйді жобалау кезінде есептелген бүкіл жүйенің жұмыс режимін бұзатынын көпшілік ескере бермейді.
Жылыту жүйесін қайта жабдықтау мәселесі Жылу энергиясын пайдалану қағидаларымен де реттеледі. Жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында тұтынушыға:
- пәтер ішіндегі желілерді, инженерлік жабдықтар мен құрылғыларды қайта жабдықтауға;
- жылыту аспаптарына қосымша секциялар орнатуға немесе оларды бөлшектеуге, сондай-ақ бекіту және реттеу арматурасын, айналым сорғыларын орнатуға немесе алып тастауға;
- жылыту жүйелеріндегі жылу жеткізгішті мақсатынан тыс пайдалануға жол берілмейді.
Егер тұрғын пәтеріндегі жылыту жүйесін қайта жабдықтауды ұйғарса, не істеуі қажет?
Ол үшін басқарушы ұйымның (ПИК, МИБ) рұқсатын, сондай-ақ үй тұрғындарының жалпы жиналысының және көршілес пәтерлер меншік иелерінің келісімін алу қажет. Бұдан кейін осы қызмет түріне лицензиясы бар ұйымға жобаны әзірлеуге тапсырыс беру керек. Тұтынушы жүгінген жобалау ұйымы жобаның Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі туралы сараптама қорытындысын алуға тиіс.
Неліктен «АлЖЖ» ЖШС үй ішіндегі жылумен жабдықтау жүйелерінің жобаларын келіспейді?
«Табиғи монополиялар туралы» Заңның 24-бабы 10-тармағының 6) тармақшасына және «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 68-бабының 7-тармағына сәйкес сыртқы инженерлік желілер мен жылумен жабдықтау жүйелерін салу жобаларын «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-мен келісу талап етілмейді.
Сонымен қатар, тұтынушы мен энергия беруші ұйым арасындағы құқықтық қатынастар Жылу энергиясын пайдалану қағидаларымен реттеледі. Аталған қағидалар пайдалану жауапкершілігінің шекарасын айқындайды.
Қағидалардың 82-тармағында: «ПИК басқаруындағы көппәтерлі тұрғын үйлерде тұтынушы мен энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым арасындағы пайдалану жауапкершілігінің шекарасы жылу энергиясы көзі жағынан басқару торабындағы кіріс ысырмаларының бірінші ажыратқыш фланеці бойынша айқындалады» деп көрсетілген.
